Алматыда «Мұстафа Шоқай» фильмінің премьерасы болды.
Қазақ киносы тұралап тұрғалы қай заман...
Қазақ өз киногерлерінен жақсы кино күткелі неше жыл...
Қазақтың «Мұстафа Шоқайды» сарыла тосқанына да бес жыл болыпты...
Ұзақ толғатып өмірге келген бұл фильмді де көрдік-ау ақыры!..

 

 
 
 
 
 
 
 
Фильм үш жыл түсіріліп, екі жыл әзірленді. Иә, материалды монтаждауға, дыбысын жазуға, музыкасын салуға бақандай екі жыл кетіпті! Шығармашылық топ фильмнің осыншама ұзақ мерзім дайындалғанын тікелей қаржымен байланыстырады. Үкіметтен бөлінген қаржы бөлек-салақ болып, бірде қолдарына тисе, бірде арасы үзіліп қалып, әбден әуреге салған көрінеді. Осы кедергінің фильмге үлкен кесірі тигенін картинаны көру барысында бірден аңғарасыз.
Бірден айтайық – фильм, шынында, соңғы 30-40 жылда қазақ киносында болмаған үлкен жаңалық, соны құбылыс. Артықшылықтарына дауымыз жоқ. Тарихшылар болмаса, жалпы қазаққа Мұстафа Шоқай бұған дейін бар болғаны «көрнекті қоғам қайраткері», «түркі халықтарының басын біріктіріп, түркі мемлекетін құруды мақсат еткен», «өз елінің тәуелсіздігін армандаған» деген анықтауыштар арқылы ғана таныс еді. Халыққа оның өзі де, өмірі де жұмбақ болатын. Фильм осы жұмбақтың күрмеуін шешті...
Басталуы өте әсерлі, көркем. Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» әні... Мөлдір аспан... Себелеген күн нұры... Сәулесі суда дірілдейді... Теңіз үстінен құстай қалықтап ұшып, өткен ғасырдың 60-70 жылдарындағы Францияға «топ» ете қаласыз. Мария әжей вокзалға келіп, Германияға жүргелі тұрған жүрдек пойызға отырады да, чемоданынан сүйікті жары Мұстафа Шоқай екеуінің суретін шығарады. Суретке үнсіз үңілген әжей өткен күндер елесіне сүңгиді...
1917 жыл. Патша өкіметі құлап, социалист және демократ депутаттар билік тізгінін өз қолына алған аласапыран кезеңнің атмосферасын режиссер шынайы көрсеткен. Жалпы, кезең шындығы мен оқиға орнын бейнелеуде, көпшілік көріністер мен актерлердің киім үлгілерін жасауда шығармашылық топтың аз тер төкпегендігі байқалады. Нағыз тарихи фильм деп ауыз толтырып айтуға әбден тұрарлық. Мұстафа Шоқай бейнесін сомдаған қырғыз актері Әзиз Бейшенәлиев пен Мария Горинаның рөлінде ойнаған Карина Абдуллинаның актерлік шеберліктеріне де іштей сүйсініп отырдық. Әсіресе Каринаға деген ризашылығымыз шексіз – құдды Марияны сомдау үшін жаратыла салғандай... Мұстафа Марияның әнін терезенің тұсына келіп тыңдап, өзін көрмесе де оның даусына ғашық болып жүреді. Екеуінің алғаш танысқан сәті де әдемі-ақ... Айта берсек, картинаның өне бойынан мұндай әдемі де әсерлі сәттерді көптеп кездестіресіз. Большевиктердің жауыздығы, НКВД-ның құрығының ұзындығы, неміс концлагерлеріндегі аянышты хал... Алайда біздің мақсат – «барымен базар» деп тоқмейілсу емес, фильмнің «әттеген-ай» дегізер тұстарын ашып айту.
Біріншіден, «танымал актерлердің құйрығына қоңырау байланған» деген принципін режиссер Сатыбалды Нарымбетов тек Мұстафа Шоқай рөліне қатысты емес, басқа кейіпкерлерге де байланысты ұстанғанда, бәлкім, ұтар ма еді... Бұлай дейтініміз – мұнда «Бинго» арқылы көрермендерге танылған Сергей Погосянды көріп қалдық. «Тағдырлар тоғысы» сериалындағы актерлер де «өріп» жүр. Ал Мұстафаны Әзиз Бейшеналиев жаман сомдамағанын жоғарыда айттық. Дегенмен Әзизден артық ойнамаса, кем ойнамайтын актерді қазақ ішінен де табуға болар еді-ау...
Екіншіден, Мұстафа Шоқайдай мықты объектіні режиссер аз зерттеген жоқ. Оны әр сөзінде айтып жүр. Алайда фильмнен қайтпас қайсар мінезді саясаткерді емес, қиялшыл-утопистің образын көреміз. Жарайды, Мария Горинаға деген асыл сезімі, қарым-қатынасы, «Мусеньканың» әніне деген махаббаты – Мұстафаның жанының нәзіктігін, жарына деген адалдығын көрсетер, бірақ басты кейіпкерді халыққа сүйкімді етіп, оны ұлттың асыл ұлы ретінде бүгінге жеткізген – оның басқа қыры болса керек. Ол қолына қару алып, ашық соғысқа шықпаса да, қаламын қару етті емес пе? Сол арқылы оның қайраткерлігін, саясаткерлігін көрсетуге болмас па еді? Түркістан Уақытша үкіметі билік құрған 62 күнде қол жеткізген нәтижелі жұмыстары, оның дипломаттығы қайда? Фильмнен көргеніміз – бастан-аяқ қашып жүрген Мұстафа. Эмоцияның құлы – Мұстафа. Лирик Мұстафа. Романтик Мұстафа. Утопист Мұстафа...
Үшіншіден, «Алаш» қайраткерлерін көрсететін шағын эпизод өте сәтсіз өрілген. Алаш арыстары да өте сүйкімсіз бейнеленген. Дәл осы үзік – картинаға жамалған жамаудай әсер етті.
Төртіншіден, Мұстафаның өмірінің соңында оның жанында әркез Уәли Каюмның жүргені тарихтан белгілі. Мұстафа Берлинде ауруханада жатқанда оған сүйікті жары Мария келеді емес пе? Алайда оны Уәли Каюм Мұстафаға жібермей қояды. Фильмде ондай сәт жоқ. Уәли Каюмның образының ашылу сәтін – оның Мұстафаға сатқындық жасауын күтіп отырғанбыз, ол кейіпкеріміз фильмнің ортасы ауа ұшты-күйлі жоғалды.
Жоғарыда қаржы мәселесінің картинаға тигізген салқыны туралы айттық. Ол фильмнің Азияда түсірілген кадрларынан айқын көрінеді. Жұтаң, жұпыны... Тере берсек, кемшіліктер жетіп-артылады – әрлеушілердің жұмысы сын көтермейді. Титрлар бастан-аяқ орысша берілген. Қазақша нұсқасын көреміз деп үміттенгенде фильмді қай тілде көргенімізді өзіміз де ұқпай қалдық. Мұстафа Шоқай қанша елде болып, қанша тілді меңгерген болса – фильм сонша тілде сөйлейді. Қазақ тілі – кадрдан тыс аударма ретінде қолданылған... Фильмде өзге ұлттың бәрі бар, тек Қазақ жоқ!..
Біз Сатыбалды Нарымбетовтен «шедевр» күттік. Оның өмірлік тәжірибесі де, кәсіби деңгейі де, білімі де, білігі де, бес жыл мерзім де «шедевр» жасауға әбден лайық еді. Қанша рет көрсең де жалықтырмайтын, қайта-қайта көргің келе беретін фильм көретінімізге сенімді едік.
Сол сенім көмескіленгендей болды. Әттең...

Сәуле Әбединова

 

 
 
Сайт управляется системой uCoz