Мұстафа Шоқайдың қазасы туралы ақиқат қашан ашылады?

  Ғұмыр бойы большевиктердің отаршыл саясатымен күресіп, сол үшін туған өңірден қыр асуға мәжбүр болған Мұстафа Шоқайдың өмір жолы кімді болса да бейжай қалдыра алмайды. Соңғы жылдары ол туралы жиі жазылып жүргендігі де содан болса керек. Дей тұрсақ та, Шоқайға тікелей қатысты проблемалардың біразы әлі күнге дейін бір ізге түсе қоймағанын мойындағанымыз жөн. Көп шұбыртпай-ақ бір-екі мысал келтірейік.

 Айталық, Түркістан легионын кім құрды?  Тарихшы П. Белан: “1942 жылы Берлинде Мұстафа Шоқай мен У. Каюм-хан басқарған Түркістан ұлттық комитеті құрылды, бірақ Шоқай оның президенті қызметінде көп бола қойған жоқ” (“История Казахстана: белые пятна”, 302-303 б.) десе, “Қазақ әдебиеті” газеті (16.02.2001), “Қазақстан жазушылары: ХХ ғасыр” анықтамалығында: “Мұстафа Шоқай ұйымдастырған легион” (13-б.), ал “Үлкен Түркістанның күйреуі” повесі: “Қазір 1942 жылдың март айы. Гестапо Шоқаевқа әлі тиіскен жоқ” (49-б.) деп хабарлайды.

 Егер Мұстафа Шоқай 1941 жылдың 27 желтоқсанында қазаға ұшыраса, оның легион мен комитетке қатысы болуы, одан гестапоның қауіптенуі мүмкін бе?

 Екінші мәселе – Шоқайдың қай уақытта өмірге келгендігі. Тоғыз томдық “Қазақтар” анықтамалығында, түрік ғалымы Абдуақап Қараның докторлық диссертациясында ол 1890 жылы, ал “Түркістан” энциклопедиясында 1886 жылы туды деп көрсетілсе, күнделікті ақпарат беттерінде осы екі мерзім қатарласа жарысып, тіпті 1889, 1891 жыл деп те жазылып жүр. Біз Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ дайындап шығарған “Мұстафа Шоқай” кітабындағы (1-т., 503-504 б.) Оразбек Сәрсенбайдың Мұстафаның 1886 жылы туғандығын дәлелдеп жазған ақпарын қолдаймыз.

 Төменде біз бір ғана мәселені – оның жұмбақ өлімі жөніндегі кейбір ойларды ортаға салуды жөн көрдік.

 Оқиға қалай өрбіді? 1941 жылдың 19 желтоқса­ны. Неміс концлагеріндегі кеңестік әскери тұтқын­дардың хал-жағдайымен таныса жүріп, Мұстафа Шоқай өзінің қатты ауырғанын сезеді. Қызуы көтеріледі. Дәрігер тексереді. Алайда, профессор Руднев сырқат адамды қарап, қандай ауруға шалдыққанын анықтай алмайды. Жобасы сүзекке ұшыраған болар деген болжаммен М. Шоқай Берлиндегі “Виктория” ауруханасына түседі. Бірақ ол сүзекпен ауырғанына сенбейді, Париж түбіндегі Ножан қаласындағы үйіме қайтамын, жіберіңдер, босатыңдар деп қанша сұранып, жалынса да ешкім тыңдамайды.

 Еріксіз емделуге түскен Мұстафаның дене қызуы одан сайын көтеріліп, жеті күндей ес-түссіз жатады. Сол тұста оның ауруын басатын дәрілер берілсе керек. 27 желтоқсан күні аздап есін жиды білем, медбике бір ине салып, жағдайын сұрағанда “ұйқым келе береді” дейді де, талықсып кетеді, содан оянбайды.

Сол күні кешкі 9 шамасында марқұмның әйелі Мария Яковлевна Берлинге жетеді. Мәйітті көрсе­туді сұрағанымен, рұқсат берілмейді. Қайғылы оқиғаның қалай өрбігенін ешкім түсіндірмейді. Бәрінің сөзі – сүзектен қайтыс болды. Келесі күні тағы да мүрдені көруді талап етеді. Немістер “әзірше болмайды, күте тұрыңыз” дейді. Мұндай мүмкіндік тек 31 желтоқсанда ғана жасалады. Мариям ханым жатқан қонақ үйге Уәли Каюм-хан келіп, күйеуінің мәйітін көруге рұқсат берілгендігін хабарлайды (“Мұстафа Шоқай”, 2-т., А., “Қайнар”, 1999, 495-497-б.).

  Сөйтіп, Мұстафа Шоқай “лагерьлердің бірінде” емес (“Қазақтар”, 2-т., 156-б.), неміс елі астана­сының “Виктория” деген символдық аты бар ауруханасында көз жұмды. Ал “виктория” деген сөз латынша – vіctorіa – жеңіс деген мағынаны білдіретіндігін, ертедегі грек аңызы бойынша жеңіс құдайы болып есептелетіндігін еске алсақ, тағдыр оған “бәрібір біз жеңдік қой” деген сияқты соңынан қылмаңдай күлімсіреп қалған сияқты.

 Сырқат сырын жасырған. Түркиядағы тарихшы қазақ ғалымы Абдуақап Қара ініміз бірнеше елдің архив құжаттарын саралап, “Мұстафа Шоқайдың өмірі мен күресі” деген тақырыпта докторлық дис­сертация қорғап, ол Ыстамбұлда (2002), сосын Ал­ма­тыда (2004) жеке кітап болып жарық көрген еді.

 Автор бұл еңбегінде: “1950 жылы 2 наурыз күні алынған Шоқайдың өлімі туралы анықтамада қан айналымының нашарлауы салдарынан ішке қан құйылудан қайтыс болғандығы білдіріледі. Демек, ол ішке қан кетуден өлген. Ал мұндай жағдайдың бір апта ішінде болуы қазаның сүзектен болма­ғандығын көрсетеді. Сондай-ақ Шоқайдың бұл ауруын сүзек деп санағанның өзінде, оның емде­летін ауру екендігі белгілі…

 Алайда, біз Шоқай сүзектен басқа қайсібір жұқпалы аурудан да емес, улану нәтижесінде демі таусылды деген ойдамыз. Өйткені ол қандай да бір індеттен қайтыс болған жағдайда нацистік мекемелердің оның сүзектен өлгені туралы жаңсақ мәліметтерге жүгінулері қажет болмас еді. Оның ажалына себеп болған індет нақты көрсетілетін еді”, – деп жазады.

 Содан соң Қара мырза бұған Уәли Каюмның қатысы бар ма, жоқ па деген сұраққа жауап іздейді. Шоқай жанашырларының ойынша күдіктің басым көпшілігі мансапқорлықпен көзге түскен Каюмға ойысқанын тілге тиек етеді. Оның Шоқаймен танысқанына бір жылдан асты, бес ай бойы бірге тұтқын лагерьлерін аралады. Ал өлгеннен кейін оның жаназасын шығармай жатып, үйінде жаңа жыл мерекесін өткізуі, қырқында немісше сөйлеп, Шоқайға қатысты ойларынан гөрі нацистердің Түркістанды басып алғаннан кейінгі жоспарлары және өзіне қарсы дұшпандарын қалай жоятындығы туралы сөйлеуі көп адамға оғаш көрініп, бұл ойды қуаттай түскен сияқты еді. Бірақ автор оның Шоқайды улағандырғанына келіспейді. Өйткені орынбасар ретінде қасында жүрген ол мұндай мансапты Шоқайдың қаламағандығын жақсы білетін. Сондықтан ондай қызметтен өзі бас тартып жүрген адамды Уәли Каюмның улауына ешқандай себеп жоқ еді деген уәж айтады.

 Жоғарыда сөз болған пендешілік қылықтары Мария мен басқа адамдарға шен-шекпен үшін оның Шоқайды улап өлтірді деген пікірдің қалыптасуына себеп болды. Түркістан легионындағы әскери қызметшілер арасында да осы түсінік кең тарады. Соғыстан кейін елге қайтқан тұтқындар Хәкім Тыныбеков, Хамза Абдуллин және КГБ-ге жауап берген Шломстың жауаптары да осы мазмұнда болды дей келіп, Қара мырза: “Шоқайды улаудың шынайы жауапкері ретінде Розенбергті алға тартушылар көбірек ақиқатқа сай келеді. Біз мұндай қылмысты Уәли Каюм емес, Шығыс министрлігінің қызмет­керлері жасады деген ойдамыз”, — деп кесіп айтады.

 Сөйтіп, қайғылы оқиғаның артында Розенберг тұр десек, мұны Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Дархан Қыдырәли да қостайды. Мұның басты себебі ретінде ғалым Мұстафаның іс-әрекеттері фашизм саясатымен үйлеспейтіндігін, Түркістан мемлекетінің тәуелсіздігі үшін Батыс демократта­рымен одақтасқандығын, түркістандықтарды соғысқа жіберуге қарсы болып, немістердің қолшоқпары болғысы келмейтіндігін алға тартады. “Сондықтан, — дейді Дархан ініміз, — оның Шығыс министрі Розенберг тарапынан өлтірілгеніне дау жоқ болса керек” (“Жас Алаш, 27.12.2003”), — деп түйеді ойын.

 Ал түрік ғалымы Абдуақап Қараның мұндай қорытындыға неге келетіндігін сөз етсек, бұған негізгі арқау болған кезінде Түркістан легионында қызмет атқарып, артынан толық ақталған белгілі ақын Хамза Абдуллиннің “Ана тілі” газеті (28.02.1991) мен “Мұстафа мен Мағжан – Тұран елінің даналары” деген кітабындағы естелік жазбалары дер едік. Мұнда Кантемир деген кавказдық легионердің Қарыс Қанатбаев, Мәжит Айтбаев, Мәулікеш Қайболдин сияқты қазақ сарбаздарына Мұстафа Шоқайды Шығыс министрі Розенбергтің бұйрығымен Уәли Каюм у беріп өлтіргенін құпия түрде хабарлағандығы сөз болады. Бұдан соң Хамзекең сотта мұны профес­сор Шломстың өз аузынан естідік деп жазады. Дархан ініміз де газеттегі мақаласында осы төңіректе ой өрбітеді.

 Бұл тұжырым ақиқатқа сай келеді-ау деп есепте­сек те ол архивтегі қылмыстық іспен қабыспайды. Айталық, 49 түркістандық әскери тұтқындарды жауапқа тарту мақсатымен жазылып, 1946 жылдың 10 желтоқсанында Қазақ ССР Қауіпсіздік министрлігі бекіткен айыптау қорытындысында “Арбайтс гемайншафт Туркестан” барлау институтының іс басқарушысы куәгер Шломс бұл жөнінде: “В конце концов Вали Каюм-хан добился его физического устранения, но кем и через кого – мне Ольцща (оның тікелей бастығы – А.К.) не сказал. Но касаясь этого факта, Ольцща назвал его “необдуманным дей­ствием”, — делінген.

 Құжатта Розенбергтің есімі мүлде аталмайды. Ал Қара мырзаның Тыныбековтің тергеуге берген жауабы деп отырғанына келсек, айыпкер У. Каюмның у беруге қатысы бар екенін өзі көрмеген, оны Қанатбаевтан естіген. Сөйтіп, тергеу ісінде Уәли Каюмның у бергендігі жөнінде сөз болады, бірақ ол Розенбергтің бұйрығымен жасалды деген пікірді қолдап, қоштайтын деректі көре алмадық.

 Сезікті президент. Германия қарулы күштерінің Бас қолбасшылығы (OKW — Oberkommando der Wermacht) 1941 жылғы 22 желтоқсанда түркімен, өзбек, қазақ, қырғыз, қарақалпақ, тәжік есебінен Түркістан легио­нын, әзірбайжан, ингуш, лезгин, чешен, дағыстан халықтарының өкілдері кіретін кав­каздық мұсылман легионын құру жөніндегі бұйрыққа қол қойды. Польша жерінде легион ұйымдастыру 1942 жылдың жаз-күз айларында аяқталды.

 Сол кезде, дәлірек айтсақ, 1942 жыл­дың қаңтар айында, Германия­ның Шығыс министрлігі өзбек мұғажыры (эмиг­рант) Уәли Каюмды Түркістан ұлттық комитетінің президенті етіп тағайын­дайды. Немістер Түркістан легионын болашақ Түркістан елінің әскері, ал Ұлттық комитет уақытша Түркістан үкіметі деп ұйғарды. Рейх басшылығы бұларға сенім артып, әсіресе Уәли Каюм жұмысының табысты атқары­луына ерекше мән берді.

 Солай бола тұрса да Уәли Каюм комитет ұжымында болсын, легион сарбаздары арасында да үлкен беделге ие болды деу қиын. Мұның себептері көп, солардың бірі түркістандықтар арасында Мұстафа Шоқайдың жұмбақ өліміне байланысты оның сезікті (подозреваемый) болып есептелуінде еді. Расында, осы болжамды қостайтындар да, оған келіспейтіндер де баршылық.

 Мәселен, Дархан Қыдырәли: “Шоқай өлімінен кейінгі іс-әрекеттері де оның (Каюмның - А.К.) Шоқай өліміне қатысты екенін айғақтайды” дейді. Ал Серік Шәкібаев “Үлкен Түркістанның күйреуі” деген деректі повесінде Каюмның қылмысын өзі көріп тұрғандай баяндайды.

 Онда былай делінген: “Шоқаев теріс айналып бара жатқан кезде тумбочкада жатқан бас ауруы дәрісін ұрлап алып, Каюм палатадан шығып кетті. Дәрет­ханаға кіріп, күршегін салып, тумбочкадан алған порошокті унитазға төгіп, ал дәрі оралған қағазға уды сеуіп, қайта бүктеп қойды. Бөлмеге кіріп-шығып жүрген болып, Шоқаевқа білдірмей, тумбочканың ішіндегі дәрілердің ең үстіне у салынған порошокті тастай салды… Жүрісті тоқтатып, аңдып жатқан Каюм өзі тастаған порошокті Шоқаев қолына алғанда атып тұра келді…

 Порошокті тіліне түсіріп сумен жұтып қойды Шоқаев.

— Ащысын-ай! – деді ол тітіркеніп.

 Жалма-жан жата қалған Шоқаев тұншыққандай болды. “Кетті!” деді ішінен қуанған Каюм, Шоқаевтың қолынан түскен дәрі қағазын қалтасына салып алды…” (49, 50-б.).

 Осы оқиғаны біледі-ау деп жүрген Кантемирдің өзі, біздіңше, әртүрлі сөйлейтін сияқты. Айталық, Мариям ханым оған Мұстафа өз ажалынан өлмегенін, уланғанын айтады. Алайда, Кантемир оны қоста­майды, керісінше “бәріміз де сол науқасқа шалдығып, кейін айығып кеткен едік”, — дейді (Мұстафа Шоқай, 2-т., 498-б.).

 Сонда Кантемир Мария Яковлевнаға бір түрлі, ал өзге қазақ жігіттеріне - Қарыс Қанатбаевқа, Мәжит Айтбаевқа, Мәулікеш Қайболдинге – басқаша айтқан ба? (Мұстафа мен Мағжан – Тұран елінің даналары, А., 1993, 20-б.)

 Мұстафа Шоқайдың қазасы жөнінде Уәли Каюмнің өзі не деген екен? Мәселеге осы тұрғыдан ке­л­сек, ең алдымен өзбек журналисі Музаффар Асау­дуллаев ойға оралады. Аталмыш қаламгер Германияға барған сапарында Дюссельдорф қаласында тұратын Вали Каюм ханмен оның көзі тірі кезінде (ол 1995 жылы қайтыс болды – А.К.) кездесіп, сұхбаттасыпты. Ол: “Қанша өкінгенмен, не пайда, көп өтпей сүзекпен ауырып қайтыс болды” (Мұстафа Шоқай – А.К.) дей­ді. Ал Мира Төкебаева деген ғалым Уәлимен ара­ла­сып тұратын таныстарымен кездескен. Сонда ол қо­нақта отырғандардан: “Каюм: Мұстафа Шоқайға у бер­медім. Ол қайтыс болғанда екеуіміз екі жерде едік” де­ген әңгімесін естіген (“Түркістан”, 13-19 тамыз 1997 ж.).

 Кезінде Түркістан легионында әскери фототілші қызметін атқарған атыраулық Ғайпен Бейісов ақсақал өзінің баспасөз бетінде жариялаған естелігінде Мұстафа Шоқайдың беймәлім жағдайда қаза болуына Уәли Каюмның қатысы жоқ деген ойды шегелеп айтады. “Легионда Уәли Каюм-хан Шоқайға таққа таласып у беріп өлтірді деп жалған лақап таратты. Бұл сөздің жалған болатын себебі Мұстафа бек Шоқай 27 желтоқсан 1941 жылы Берлин ауруханасында өлді. Ол кезде бұлардың бірінің Берлин түгілі, айналасында қарасы болған жоқ.

 Бұл әңгімені жазып отырғаным әлі күнге дейін ел арасында, қазақ даласында өзбек Уәли Каюм-хан Мұстафа бек Шоқайға у беріп өлтірді деген лақап тарап жүр. Ол әңгімені тоқтату, не өшіріп айттырмау ешкімнің қолынан келмей­ді. Бірақ тірілердің о дүние­лік болып кеткен бақилық­тарға жала жабуын өз басым күнәнің күнәсі деп түсінемін”, – деп жазады ол (“Азат”, №5, 4 ақпан 2004 ж.).

 Мұстафа Шоқайға нақты кімнің қастандық жасағандығы туралы құжат жоқ. Бәрі дейді дейді, анау айтты, мынау соны естіпті деген сияқты жел сөз, қысыр әңгіме. Сондықтан Мұстафаға у берілді ме, жоқ па, ол өз ажалынан немесе сүзектен өлді ме деген сұраққа жауап беру қиын. Өйткені қазаның себеп-салдары анықталмаған, мәйітке кезінде медициналық сараптама жасалмаған. Мұның анық-қанығын білудің өзі екіталай болса керек. Олай дейтініміз, қажетті құжатты енді оқып танысуға мүмкіндік бола қояр ма екен?

 Қастандық жасаған … НКВД. Жұмбағы көп өлім туралы басқа да болжам, ой-пікірлер бар. Мысалы, жазушы Амантай Сатаев Мұстафа Шоқай Берлин ауруханасында өлген жоқ, әйтпесе оны әйеліне неге көрсетпеді, немістер мәйітті басқа адаммен ауыстыр­ды, “скорее он скончался в Прибалтике от пули своих собственных легионеров, которым перестал быть нужен” дейді де: “загадка смерти Мустафы усуглуб­ляется странными двоякими строками дневников самой Марии Яковлевны Егориной” деп тұжырымдайды (“Аргументы и факты Казахстан”, №27, 2001).

 Ал мемлекет қауіпсіздігі комитетінің ардагері Асқар Мұстафин: “Өлімнің себебін іздеу, кінәні өзгеге арту Түркістан ұлттық комитеті мен Түркістан легионы мүшелері арасындағы ұлтараздық көріністердің орын алуы салдарынан, тағы да сол “ұлттық батырдың” даңқты бейнесін “сомдауға” ұмтылудан туған”, — деп оның еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде, тарихында алатын орнын аласартып, төмендеткісі келеді (“Ана тілі”, 8.08.1991).

 Мұстафа Шоқай қазақ жерінен қанша алыста болғанымен құрығы ұзын НКВД өзі жіберген жансыздары арқылы үнемі бақылап отырды. Ресей басылымдарын былай қойғанда, бұл жөнінде өзіміздің “Қазақ тарихы” журналы, “Қазақ әдебиеті” газеті, басқа да ақпарат құралдары ашық жазып жүр. Міне, осындай деректерге сүйене отырып, тарихшы профес­сор, “Қазақ энциклопедиясы” ЖАҚ президенті Бүркіт Аяғантегі “… С. Шәкібаевтың Шоқайды өлтірген Каюм-хан деген ойына өз басым сене қоймаймын. М. Шоқайдың өлімі НКВД жағынан болды деп ойлаймын. Ал, сол зұлым жоспарды іске асырған кім? Бұл сұрақтың жауабын Мәскеу қаласындағы белгілі Лубянканың қоймаларында жатқан құпия-қағаздардан табуға болады”, — деп жазады (“Жас Алаш”, 8 шілде 2003).

 Біздіңше, Бүркіттің ой-өрімі көңілге қонады. Олай болса, мұны айғақтайтын қандай құжат, нақтылы дәлел бар деген сұрақ туындайды. Әрине, ондай дүние қолымызда болса, ұзақ-сонар әңгімесіз-ақ “ол былай болған” деп бірақ қайтармаймыз ба? Алайда, аса көрнекті алаш ардақтысының қалай қаза болғандығы жөніндегі ақиқатты білуге шын мәнінде ниет білдірсек, қосалқы, жанама деректерді де саралап, ой елегінен өткізу қажет деп санаймыз.

 Елдің тәуелсіздігін, халқының бостандығын аңсаған Мұстафа Шоқай кеңес басшылығының Түркістан жерінде жүргізіп отырған отаршылық саясатын әшкерелеп жазған материалдары большевиктердің, олардың көсемінің мазасын алғандығы шындық.

  Сонау 1925 жылы Қазақ өлкелік партия комитетіне Сталиннің арнайы хат жазып “Ақ жол” журналы мен шет елдегі Шоқай жазбаларының арасында үндестік бар, бұған неге тосқауыл қойылмайды деп пікір айтуы тегін бе? (“Қазақ тарихы”, №3, 1997) Ал сол кезде ОГПУ-дің барлау қызметіне қарасты арнаулы бөлім шет елде тұратын Мұстафа Шоқай сияқты Мәскеудің көзіне түсіп, қара тізімге іліккендерді қырып-жоюға жаппай кіріскен еді. Осы мақсатпен көлік апатына ұшырату, у беру, ұрлап жоғалтып жіберу, тасадан оққа ұшыру әдістері кеңінен қолданылды.

 Парижде жүрген генерал А. Кутеповті ұрлап әкетіп, көзін жойды. Оның ізін басқан генерал Миллер белгісіз жағдайда ғайып болды. Украиндық ұлтшыл А.Коновальц те қазаға ұшырады. Мюнхен­де Степан Бандераны үйінің босағасында атып кетті.

 Қыр асуға мәжбүр болған зиялы қауым қайда барса да НКВД қыр соңынан қалмады. Олардың жеке басы ғана емес, әртүрлі жағдайда араласқан адамдары, тіпті саясатқа ешқандай қатысы жоқ әлемнің басқа түкпіріндегі туған-туыстары қуғын-сүргінге түсті. Мұны Троцкий мен Мұстафа Шоқайдың өмірінен айқын көруге болады. Мысалы, Троцкийге іш тартып жүр деген НКВД қызметкері И. Райсс Швейцарияда қазаға ұшырады. Екі жеке хатшысы – чех азаматы Э.Вольф Испаниядан, неміс азаматы Р. Клемент Парижден – үшті-күйлі жоғалып кетті. Ал 1940 жылдың 20 тамызында испандық Рамон Меркадер Троцкийдің өзін аюандықпен өлтірді. Ол 20 жыл түрмеде отырып шыққаннан кейін Ресейге келіп, жасаған “ерлігі” үшін Кеңес Одағының Батыры атанды, біраз уақыт Москвада тұрды. Жендет баласына көмектескені үшін шешесі Ленин орденімен марапатталды.

 Мұстафа Шоқайдың жағдайы да осыған ұқсас. Өзіміз оқып, қолмен ұстаған Сәкен Сейфуллиннің, Хасен Қошанбаевтың, Қазмұхамет Күлетовтің, тағы басқалардың қылмыстық істерінде олардың өкімет алдында жасаған бірден-бір айыбы Мұстафа Шоқаймен сыбайластығы екен. Алайда, бұлардың тергеу ісінде бұл тезисті айғақтайтын бірде-бір дерек жоқ. Шынын айтсақ, “қызыл” Сәкен мен “ұлтшыл” Мұстафаның арасында қандай астыртын байланыс болуы мүмкін. Сөйтсек, Ташкенттегі кәсіптік-техникалық училищенің оқушысы Б. Дабыловқа Парижден жазған бір хатында Шоқай одан “Тар жол, тайғақ кешу” кітабын жіберуді сұрапты. Мұны байқаған ОГПУ “әлі жарық көрмеген кітапты ол қайдан біледі, демек елдегі сыбайластарын анықтап, құрту керек” деп қорытынды жасаған.

 “Парижде Шоқаймен кездестің, яғни ымы-жымың бір”, деген кінә тағылып, Әміре Қашаубаев қаншама азап шекті десеңізші! Мұстафаның туыстары, ауылдың қарапайым азаматтары, саяси күреске қатысы жоқ туған інісі – Нұртаза Шоқаев, немере інісі – Мырзеке Қалмұхамедов “үштіктің” бұйрығымен атылып кетті. Жазығы — ағасынан хат алғаны. Осындай “қылмысы” үшін Байдәулет Дабылов өмір бойы НКВД-нің қуғынында болды.

 Қазақтың алғашқы оқымысты заңгерлерінің бірі Райымжан Мәрсеков Аспантауға қыр асуға мәжбүр болған. Ол Қытайда тұтқындалып, сонда мерт болған деседі. Екінші бір дерекке сенсек, Марсеков Семей түрмесінде қазаға ұшыраған.

 Маңғыстаулық Оразмұханбет Тұрмағанбетұлы да өткен ғасыр басындағы қазақтың санаулы оқыған азаматтарының бірі еді. Қудалау көре берген соң Иранға барып бас сауғалайды. Алайда, 1937 жылы ОГПУ оны сол жерден ұрлап, Мұстафа Шоқайдың сыбайласы деген айыппен 1938 жылы атып жіберген.

 Большевиктерге қарсы саяси көзқарасы мәлім Мұстафа Шоқайдың үнін өшіріп, мерт қылу ОГПУ-дің басты мақсатының бірі болғаны сөзсіз. Алайда, ондай айғақтарды тек Москвадан, Федералдық қауіпсіздік қызметінің архивінен ғана табуға болады. Біздің қолымызға шындықты ашуға қажетті деректер түсе қоймас деп мәлімдеуіміздің себебі де осы еді. Ендеше жұмбақ өлімнің сыры туралы көп болжамның біреуі Сталинге, оның қолшоқпары — НКВД-ға келіп тіреледі деген қауесеттің орын алуын негізсіз деп айта аламыз ба? Сондықтан да мұның анық-қанығын білуге мүдделі ұйымдар еліміздің Сыртқы істер министрлігі немесе Ұлттық қауіпсіздік комитеті арқылы Мәскеудегі сол құжаттардың өзімен танысуға немесе оның көшірмесін алуға әрекет жасағаны абзал.

Амантай Кәкен

 
 
 
 
 
 
 
 

 

 
   
   
   
   
   
   
   
Сайт управляется системой uCoz