Фазылбек Құлтасов

МХК-нің архив қорында бірсыпыра ары таза, ешбір айып, кінәсі жоқ адамдардың қылмыстық тергеу істері сақтаулы тұр. Олардың есімдері ақталған бойда тізімге тіркеліп, ақпарат беттерінде жарияланып келеді. Дегенмен, жазықсыз жапа шеккен, қазақ жеріндегі мемлекет құрылысының әдепкі қадасына аз да болсаөз үлесін қосқан аяулы адамдардың не істегенін архив материалындағы дерек-дәйектерге сүйеніп көрсеткенді жөн көрдік.

 Сондай адамдардың бірі Фазылбек Құлтасов еді. Жариялық кезеңіне дейін 20-50 жылдардағы репрессия құрбандары жөнінде шындық нақты айтылмады. Біраз жылдар әкесінің өлі, тірісін білмей келген адамдардың бірі – Саидова Құрбанкүл. 1991 жылы шілденің 23 жұлдызында МХК органына жазған арызында ол былай деген.

 «Менің әкем Құлтасов Фазылбек, 1890 жылы туған. Оңтүстік Қазақстан НУВД басқармасының «үштігімен» 1937 жылы 1 қарашада сотталған. Бізге берілген анықтама бойынша, ол 1956 жылы 30 желтоқсанда қылмысы дәлелденбегендіктен ақталған.

 Балалардың ішінде тірі қалған біз ағамыз екеуміз, шешеміз 1956 жылы қайтыс болды. Әкеміз жөнінде ештеңе білмедік (әкесі ұсталып кеткенде Құрбанкүл 4 жаста екен- автор) Ол туралы сұрауға бізге тыйым салған еді. Тіпті оның суреттерін де үйдегі дүние-мүлік тәркіленген кезде алып қойған. Біріншіден, әкеміз қандай жазаға кесілген? Екіншіден, ол қай жерде жазасын өтеп, қай уақытта дүние салды? Жерленген жері қайда?» Саидова (Құлтасова) Құрбанкүл».

 Ал Құлтасов Фазылбек болса, Оңтүстік Қазақстан НКВД басқармасы үштігінің үкімімен 1937 жылы 1 қарашада «контрореволюциялық қылмыстары үшін» ату жазасына кесілген болатын. Бұл үкім келесі күні, яғни 2 қарашада Шымкент қаласында жүзеге асырылған. Құлтасов өз уақытына сай білімді адам болған. Сырдария ауданының 1-май колхозында туып - өскен. Тергеу бойынша куә қатарында жауап берген. Досов Әкеш: «Ол кедей Шаруаның баласы, жасынан жетім қалған. Кейіннен Шымкент қаласына барып, өз бетімен білім алған, басшы қызметттерде болғандықтан ауыл ортасында көп болған жоқ» депті.

 Расында Құлтасов мұғалімдер семинариясын бітірген соң біраз жыл мұғалім болған. 1918-1920 жылдар аралығында Рысқұлов, Қожановтармен бірге қызмет істеген. Кейіннен шаруашылыққа  араласып, бірсыпыра жауапты қызметтер атқарған. Қамауға алынар алдында  Шымкент қаласында, облыстық тұтыну кооперациясында істеген.

 Ол саны 794 қылмыстық іс бойынша Шоқаев Нұртаза, Қалмұхамедов Мырзеке және басқаларымен бірге бір қылмыстық іс бойынша  жауапқа тартылған. Архивтік іс құжаттарына қарағанда, Құлтасов олармен ешқандай байланыста болмаған. Шоқаев Нұртаза және басқалары Шоқаев Мұстафаның басшылығымен контрреволюциялық жұмыстар жүргізген деп айыпталса, Құлтасов Рысқұловтың тобымен байланыстырылған. Себебі, сол кездегі НКВД қызметкерлерінің «топтық қылмыстық іске» құмар екендігі қазір көпшілікке мәлім. Бұл жөнінде архив қорында мынандай құжат бар.

 НКВД –дің оперативтік уәкілі Тарасов 1939 жылы 20 қаңтарда берген жауабында былай деген: «Бізде отыз адам табанда қамауға алынды. Көбісі тергеу ісі бойынша жалғыз өтуі керек еді. Мен олардың тізімін бастығым Савицкийге алып келгенімде, ол маған барлығын біріктіріп, топтық іс шығаруды бұйырды. Мен бұл бұйрықты орындауға мәжбүр болдым» Құлтасов та осындай себеппен топтық іс бойынша жауапқа тартылған

 

 
 
 
 
 
 
 
 

 

 
Нақтырақ білгіңіз келсе... >>
 
   
 
<<кері шығу>>
Сайт управляется системой uCoz