![]() |
||
Ресей империясының, кейін көп
жағдайда оның мұрагері ретінде танылған Кеңес
Одағының құрамындағы қазақ,
өзбек және басқа да түркі тектес халықтардың
ұлт-азаттық қозғалысы тарихында Мұстафа
Шоқайдың алатын орны ерекше. Алайда отандық және
шетелдік әдебиетте қазақ қайраткерінің
шығармашылық мұрасы мен қоғамдық
саяси көзқарастарына көбірек көңіл бөлінеді
де, ұйымдастырушылық, дипломатиялық, жай адами қырларын
пайымдау қағажу қалып келеді. Сондай мәселелер
қатарына жиырма жылға уақыт бойы Еуропаның төрінде
тәуелсіздік үшін күрес туын көтерген саяси ұйымды
құрудағы М. Шоқайдың ерен еңбегін
жатқызуға болады. Тәуелсіздік үшін күресте
Ресейді мекендейтін түркі халықтарының басын біріктіру,
олардың біріңғай саяси ұйымын құру
идеясы әлдеқашан-ақ пісіп жетілген еді. Бірінші орыс
революциясы тұсында “Мұсылман одағы” құрылса,
1905 жылы 19 қарашада одан да кең көлемдегі “Автономияшылар
одағы” дүниеге келеді. Осы уақыттан-ақ отарлық
езгіге қарсылық жадидтік және түркішілдік қозғалыстың
басты сипаты айқындалады. М.Шоқай болса осы қозғалысты
жаңа жағдайда, жаңа деңгейде жалғастырушы
болды. Бір орталыққа бағынған
ұйымдастырушы, бағыт беруші орталықсыз отарлық
озбырлықтарға қарсы күрестің нәтижелі
болмайтындығы жөніндегі пікірге М.Шоқай сонау студенттік
кездерінде-ақ келген сияқты. Оған өзіміздегі
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мұрағатынан
табылған 1926 жылдың 10 сәуірінде белгісіз біреудің
М. Шоқай туралы жазған “рапорты” дәлел бола алады.
Ә. Бәкірұлы жария еткен бұл кұжатта Мұстафа
Ташкентте қалып, 1915 жылы қазақ зиялыларының
арасында жұмыс жүргізеді, соның нәтижесінде
“Кеңес” атты құпия үйірме ұйымдастырылды
делінеді. Үйірме төрағасы болып отставкадағы
генерал Асфандияров тағайындалады. Оның баласы Санжардың
революция жылдары Түркістан республикасының Денсаулық
сақтау халық комиссары болғаны айтылады.Үйірменің
хатшысы ретінде мұғалім Сұлтанбек Кожанов, мүшелері
болып Серәлі Лапин, Серікбай Ақаев, Қоңырқожа
Қожықов – барлығы 12-15 адам сайланады. Үйірме құпия жағдайда
әрекет етіп, 1917 жылғы төңкеріске байланысты
өмір сүруін тоқтатқан. Дегенмен ол Ақпан
төңкерісінен кейінгі кезеңде М.Шоқайдың
түрлі ұйымдастырушылық жұмыстарында ұйытқы
болды деп болжам жасаудың қисыны бар. Аталмыш құжат біреуді аяқтан
шалуды мақсат тұтқан “домалақ” арыз ба, әлде
оның астарында қандай да бір негіз бар ма деген ой келеді.
Әңгіме арнасынан ауытқып кетпес үшін ол кезде
М.Шоқайдың эмиграцияда жүргенін, хатта айтылған
адамдардың барлығының да оның етене таныстары,
дос-жарандары екендігімен шектелсек те болады. Осы кезеңде, яғни
хатта көрсетілген уақытта М.Шоқайдың Санкт-Петербургтегі
оқуында үзілістің болуы себебін кейбір зерттеулерде
айтылатын материалдық қиындықтармен емес, Ташкентте
аталмыш жұмыстармен айналысуынан іздесек, бұл құжаттың
шындыққа қатысы бар-ау деген ой түюге болады. Қазақ, өзбек, қырғыз,
түркімен, татар, башқұрт, халықтарының
басын бір орталыққа біріктіретін саяси ұйымды құру
мәселесін Ақпан төңкерісінен кейінгі ахуал жеделдетеді.
Бұрыннан белгілі “Шуро-и Исламия”, басқа да ұйымдар
Түркістанда күн санап күрделеніп келе жатқан
жағдай талаптарына жауап бере алмады. 1917 жылы 17-20 қыркүйекте
Ташкент қаласында Түркістан және қазақ
мұсылмандарының съезі өтіп, оған осы өлкенің
әр аймағынан және Орал, Торғай облыстарынан
делегаттар қатысады, съезде саяси, қоғамдық
және экономикалық мәселелер талқыланады. Пікір
алысқан ең маңызды тақырып Түркістан мен
Қазақстан мұсылмандарына басшылық жасайтын саяси
партия құру туралы шешімнің қабылдануы еді.
Партия “Мұсылмандар одағы” (“Иттифок-и-Муслимин”) деп аталады
да, “Шуро-и-Исламия” мен “Тұран” ұйымдары таратылып, олардың
орнына “Мұсылмандар одағының” бөлімдері құрылмақшы
болды. Бұл шешім съездің ең
үлкен жетістігі болғанымен, саяси оқиғалардың
одан әрі өрбуі оның жүзеге асырылуына мүмкіндік
бермейді. Большевиктер ұлттық құрылымдардың
бірінен кейін бірін талқандап, “Түркістан Мұхтарияты”
(“Қоқанд автономиясы”) қанға бөктіріледі. Осындай қиын-қыстау кезеңде
ұлт-азаттық күрестің жаңа формалары мен
әдістерін іздестіру барысында М.Шоқай 1918 жылдың
қысында Екатеринбургте “Түркістан” астыртын ұйымын
құрады. Оның орталығының төрағасы
М. Шоқайдың өзі, ал орынбасары болып А.-З. Валиди
тағайындалады. Ұйым Түркістан, Башкирия (сол кездегі
атау – К.Е.) және Татарстандағы
ұлттық бөлімдердің басын біріктіреді. Мария Шоқай өзінің
күйеуі туралы естеліктерінде олардың 1918 жылдың
қараша айында Екатеринбургте аялдағандары, онда Құрылтай
жиналысына кандидаттар Ілияс Алкин, Вадим Чайкин, Мүнауар Қаримен
бірге болғандары жөнінде жазады. 19 қарашада Құрылтай
жиналысы таратылады. Осыдан кейін Америка Құрама
Штаттарына визаға дейін алып қойып, жолға шыққалы
отырған Мұстафа Шоқай мен оның серіктестерінің
жоспары бұзылып, бас сауғалауға тура келеді. М.Шоқай
Челябинскіге жетіп, одан әрі қазақ даласы арқылы
Әзірбайжанға, кейін Грузияға, 1921 жылдың ақпан
айында Түркияға өтеді. М.Шоқайдың шетелге кетуімен
қазақ, өзбек, башқұрт халықтарына
ортақ бір саяси ұйым құру жөніндегі ұмтылыс
тоқтап қалмайды. 1931 жылы 18 қаңтарда А.-З.Валиди
Ыстамбұлдан Польша сеймінің депутаты Т. Голувко (1891-1931)
мен поляк дипломаты Т. Шетцельге (1891-1971) жазған хатында 1920
жылдың көктемінде Мәскеуде А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов,
А.-З. Валиди, В.Ибраимов және т.б мұсылман халықтарының
жетекшілерінің астыртын ұйым құрғаны
жөнінде жазады. Бізге белгілі әдебиетте бұл ұйымның
жарғысы, бағдарламасы және іс-әрекеттері жөнінде
ешбір мағлұмат ұшыраспайды. Қантөгісті
азамат соғысында мерейі үстем болған кеңестік
жүйенің әмірлік-әкімдік басқаруға
бет бұра бастауы жағдайында бұл ұйымның
да өзара пікір алысудан басқа істерге бара алмағанын
болжау қиын емес. М. Шоқайдың ол жөнінде хабардар
болғанына елдегі жағдайды үнемі назарында ұстағаны
және оның А.-З. Валидимен хат жазысып тұрғаны
дәлел бола алады. М.Шоқай 1920-1922 жылдары Түркістанда
бірнеше партиялар мен одақтардың басын біріктірген жаңа
ұйымның құрылғаны, оның ұйытқысы
1918 жылы Екатеринбургте дүниеге келгендігі жөнінде жазады.
Олай болса 1920 жылы Мәскеуде ұйымдастырылған конспиративтік
құрылым да түркістандық ұйым құрамына
енген деуге негіз бар. Алайда қазіргі әдебиетте
1918-1922 жылдары аралығындағы саяси партиялар мен одақтар
жөнінде қым-қиғаш пікірлер көп. Д.Қыдырәли
1920 жылы “Түркістан Ұлттық комитеті” құрылды,
соның құрамына әуел баста М. Шоқай, А.-З.
Валиди, М. Сұлтанғалиев енді дегенді айтады. М. Шоқайдың
Париждегі жеке мұрағат қорында 1920 жылы 6 қазанда
“Түркістан Ұлттық Одағы” (ТҰО) деген
ұйымның құрылғаны жөнінде мағлұматтар
келтіріледі.Оның басшылығына Бұхара Халық Республикасы
үкіметінің премьер-министрі Осман Қожаев, қорғаныс
министрі Абдулхамит Арифов, Кабулдағы елшісі Хашим Шайық
енеді. ТҰО жиналысының шешімімен Осман Қожаев ұйымның
Түркия бөлімшесінің төрағасы, А. Арифов
Кабул бөлімшесінің төрағасы, М.Шоқай Еуропадағы
өкілі болып тағайындалады. А.-З. Валидиге сілтеме жасай отырып,
Абдуақап Қара “Түркістан Ұлттық Одағы”
деген жалпы ұйымның 1920 жылдың маусым айында Бұхарада
ұйымдастырылған жиналыстан бастау алатыны жөнінде
жазады. Бұхара әміріне қарсы одақ құру
мақсатында ұйымдастырылған бұл жиынға
қазақтардан Алашорда өкілдері Хайреддин Болғанбаев,
Мұхтар Әуезов және Дінше Әділов, түркімендерден
адвокат Какажан Бердиев, башқұрттардан А.-З. Валиди, Сейіткерей
Мағазов, Ферғана басмашыларынан Шірмехмет-бек, Ылдырхан
Мутин, Харис Игіліков, Рахманқұл құрбашы, Мұстафа
Шахкули, Бұхара мен Ташкент зиялылары атынан Мүнауар Қари,
Абдулкадир Мухиддинов, Файзулла Қожаев және Садреддин Айни
қатысады. Талқылау нәтижесінде Өзбекстанның
“Жәдидтер” мен “Ерік” партиясы және Қазақстанның
“Алаш” партиясымен бірлесіп қызмет істеуі жөнінде, сонымен
бірге жеті баптан тұратын ортақ бағдарлама қабылданады.
А. Қара осылайша “Орта Азия мұсылман Ұлттық
қоғамдарының Федерациясы” дүниеге келеді дейді.
1920 жылы 5-7 қыркүйек күндері Самарқандта
өткен конгресінде оның 24 баптан тұратын жарғысы
мен Түркістан ұлттық туының суреттемесі қабылданады. Съезді ұйымдастыруда қырғыз
Тұрағұл Жанұзақов, қазақ Дінше
Әділов көп жұмыс атқарады. А.-З. Валиди Дінше
жөнінде: “Ол ақын да, артист те еді, шағын труппа
ұйымдастырып, байтақ өлке бойынша гастрольде жүрді.
Түркістан бойынша саяхатында Исмаил Субхи Сайсалы-оғлы Ақмешітте
Діншенің труппасымен кездесіп, олардың спектакліне қатысады
және Ыстамбұлға
осы труппаның артистері бейнеленген үлкен картинаны
алып қайтады”, деп жазады. М.Шоқайдың Париждегі жеке
мұрағатындағы бір құжатта 1921 жылы
“Орта Азия комитеті” деп аталатын ұйым жөнінде айтылады.
Оны Энвер-паша Германиядан КСРО-ға
екінші рет келгеннен кейін А.-З. Валидимен бірге Шығыс Бұхарада
ұйымдастырады. Шындығына келетін болсақ, М. Шоқайдың
айтып отырғаны “Орта Азия Мұсылман Ұлттық қоғамдарының
федерациясы” болуы тиіс. “Жалпы комитет” деп те аталатын бұл
ұйым, А.-З. Валидидің көрсетуінше, Бұхарада
1921 жылдың 2 тамызында құрылды делінеді. Мұрағаттық құжаттардың
жинағы болып табылатын “Русей эмиграциясының тарихынан”
деген еңбекте оны “Орта Азия мұсылмандары ұлттық-демократиялық
бірлестіктерінің федерациясы” деп атайды. Әдебиетте Бұхарада
өткен жиынды оның І съезі деп те, кейде 1917 жылдың
мамыр айындағы Мәскеудегі Бүкілресейлік мұсылмандар
съезінен бастап есептегенде V съезі деп те көрсетіледі. Съезде
барлық саяси партиялар мен топтар үшін “Түркістан
ұлттық бірлігі” деп аталатын комитет құрылып,
оның төрағасы болып А.-З. Валиди тағайындалады.
Кейін ол өзінің “Естеліктерінде” былай деп жазады: “Сол
бір қиын күндерде Түркістандағы азаттық
күрестің орталығының қалыптасу процесіне
Мұстафа Кемаль-паша жіберген
жаңарған Түркияның депутаты, “Алашорда” қазақ
партиясының өкілдері, әсіресе, Дінше, сонымен бірге
Ауғанстанның өкілі Абдерасул-хан шешуші және
байыпты ықпал етті”. Түркияның өкілі деп
отырғаны сол елдің Ұлы Меджилисінің мүшесі
Субхи Сайсалы-оғлы болса керек. Ал, Алашорданың Бұхарадағы
өкілдері құрамында, жоғарыда көрсетілгендей,
Мұхтар Әуезов, Хайреддин Болғанбаев, Дінше Әділовтен
басқа аттары аталмаған тағы екі адам болады.Олармен
Файзулла Қожаев, Мүнауар Қари секілді М.Шоқайдың
пікірлестері бір ұстанымда еді. Орта Азия мұсылман ұлттық
қоғамдары федерациясының ІІІ конгресі 1922 жылы 18-22
қыркүйекте Ташкентте конспиративтік жағдайда өтеді.
Жанама мәліметтерге қарағанда жиын Ташкенттің
нағыз орталығында орналасқан Қазақ педагогикалық
институтының ғимаратында болған секілді. Конгресте қазақ
зиялылары басым болады. Ұйымның аты “Түркістан Ұлттық Бірлігі” (ТҰБ) болып өзгертіледі. Түркістанда
біртұтас тәуелсіз мемлекет орнату үшін бірлескен күрес
жүргізу жөнінде бірауыздан шешім қабылданады. Өлкені
мекендеген жергілікті халықтарды ұлт, ру-тайпаға
бөлмеу жөнінде келісіледі. Сөйтіп,
ұлы Түркістан ұғымы дүниеге келеді, бұл
болса Мұстафа Шоқайдың бұрыннан алға
тартып келген ой-пікірлерінің заңдастырылуымен тең
еді. Жалпы алғанда съезд жұмысының табысты аяқталуына
оған қатысқан Халел Досмұхамедов, Жанша Досмұхамедов,
Мұхамеджан Тынышбаев, Мүнауар Қари, Ғазымбек
Бірімжанов секілді тұлғалар үлкен ықпал
жасайды. Конгрестің шешімі бойынша ұйымның төрағасы
А.-З. Валидидің Еуропаға өтіп,
М.Шоқаймен бірлесе отырып Түркістан халықтары мәселесін
халықаралық аренада қою ұсынылады. Саяси ұйым құру және
оның барлық бағдарламалық шешімдері бойынша
қайраткерлердің М.Шоқаймен хат арқылы келісіліп
отырғанын ерекше атауымыз керек. Оны А.-З.Валидидің өзі
де мойындайды. Бұхара Халық Республикасының бұрынғы
қорғаныс министрі Абдулхамит Арифов өзі де хабарласып,
М.Шоқай мен А.-З. Валидидің хаттарын бір-біріне жеткізіп
тұрады. Башқұрт қайраткері 1922 жылдың
22 маусымында жазған хатында М. Шоқай Самарқандта
өткен жиынның қорытындылары және Мәскеуден
алынған ақпараттарды хабарлайды, большевиктердің
ұлт саясаты жөніндегі өзінің ой-пікірлерін білдіреді.
Сол жылы Валиди “Шығыстағы әлеуметтік революция және
реакцияның қаупі жағдайындағы Шығыстың
революциялық интеллигенцияның міндеттері” деген еңбегінің
бір данасын М. Шоқайға, бір данасын Ғазымбек
Бірімжановқа жібереді. Бұл орайда да Дінше Әділов
өзінің ұйымдастырушылық талантын көрсете
білді. Съезге дейін-ақ ол Балқаш көлі мен Бетпақдалада
көшіп-қонып жүрген 40-қа жуық қазақ
жігіттерін басмашылар қозғалысына қосылуға
үгіттеп, Ташкентке алып келеді. Мұнда Қалқаман
деген жігіттің басшылығымен бұрынырақ келген
басқа да біршама қазақ жігіттері тұрып жатады.
Мұның өзі сол кезеңде қазақтардың
біразының Кеңес өкіметіне ашық қарсылық
жасағанын білдіреді. 1923 жылдың 26-28 шілдесінде
Түркістан Ұлттық Бірлігінің Кабулда (Ауғанстан)
өткен мәжілісінде ұйымның өкілдері болып
Еуропада – М. Шоқай, Түркияда – Осман Қожаев, Ауғанстанда
— А. Арифов тағайындалады. А.-З. Валидиге Париждегі М.Шоқаймен
бірлесе отырып ТҰБ-нің орталығын Берлинде, не Ыстамбұлда
ұйымдастыру жөніндегі шешім қабылданады. Ауғанстан
үкіметі келісім берген жағдайда Хашим Шайық Жапонияға
жіберілетін болады. ТҰБ-нің осыдан кейінгі басқосулары
Еуропада өтеді, мұнан кейбір авторлар оның негізінің
шет жерде қаланғандығы жөніндегі пікірге келеді.
Б.Садықова өз зерттеулерінің бірінде: “Мұстафа
Шоқай Парижде құрылған Түркістан Ұлттық
Бірлігінде (Unіon Natіonale du Turkestan) басшылық жүргізеді”,
деп жазады. М. Шоқай болса “ТМБ” деген мақаласында: “Біздің
ТМБ (Түркістан Милли Бирлиги, яғни Түркістан Ұлттық
Бірлігі — К.Е) – эмигранттық ұйым емес. Ол елдің ішінде,
Түркістанда азамат соғысының ауыр жылдарында, яғни
1922 жылы Ташкентте, Самарқандта, Бұхарада және басқа
қалаларда дүниеге келді”,
деп көрсетеді. “Түркістан Ұлттық
Бірлігін” Алаш қозғалысы шеңберінде пайымдау да шындыққа
саймайды. Оған бірнеше партиялар мен топтар кірді. Осы себепті
құжаттарда “Түркістан Ұлттық комитеті,
“Орта Азия комитеті” деген атаулардың қатар қолданылуында
аса бір өрескел қателік жоқ. ТҰБ кеңес әдебиетінде “Түркістан
ұлттық комитеті” делінеді. Осыған байланысты эмиграциялық
құжаттарда ұшырасатын “Түркістан Ұлттық
комитеті”, “Орта Азия комитеті” дегендерді “Түркістан Ұлттық
Бірлігінің” бөлімшелері ретінде қарастырған
жөн. М. Шоқаев оны кейінірек “Түркістан Ұлттық
қарсыласу ұйымы” деп те атай бастады. 1924 жылдың 9 мамырында ТҰБ-нің
Берлинде өткен отырысында М. Шоқайды ұйымның
Еуропадағы өкілі етіп тағайындау жөніндегі шешім
күші жалғастырылады. Сол жылы күзде М. Шоқай
ТҰБ-нің Берлинде өткен Еуропадағы І конгресінің
жұмысына қатысады. А. Қара осы конгресте М. Шоқай
мен Будапешттен келген Ғалымжан Таған “ант беріп, ұйымға
мүше болып кірді” дейді. А. Қара мұны А.-З. Валидидің
“Естеліктері” негізінде жазып отырған болу керек. Бірақ
башқұрт қайраткері М. Шоқай мен Ғ. Таған
“ұлттық бірлік мақсаттары мен ісіне адал болуға
ант берді”деп көрсетеді. Ал, енді Валидидің қазақ
қайраткерінің ТҰБ-не күдіктеніп барып қосылғандығы
жөніндегі тұжырымы ұйымның хаттамаларымен, басқа
да құжаттарымен салыстыруды қажет етеді. Себебі М.
Шоқай ТҰБ-нің құрылуының алғашқы
күндерінен-ақ ұйымның Еуропадағы өкілі
болып тағайындалуына байланысты сырттай мүшесі болып қабылданған
еді. Әңгіме Түркістанның дербес мемлекет болуы,
не болмаса Русей демократиялық республикасы құрамындағы
автономия үшін күрес жүргізілуі жөнінде болуы
тиіс. Оған қоса А.-З. Валидидің еңбектерінде
өзін дәріптеуге, Түркістан ұлттық қозғалысындағы
жетекшілік рөлін, ТҰБ-нің негізін қалағандығын
асыра бағалаушылық айқын көрініс берген. Бұл
жағдай А.Қараның да еңбегіне белгілі дәрежеде
әсер еткен. 1925 жылдың 12 мамырында ТҰБ-нің
Еуропадағы тағы бір жиналысы өткізіліп, онда ұйымның
орталығының Ыстамбұлда болуы және шығарылуға
тиісті “Йени Түркістан” газетінің тілі, бағдарламасы
жөнінде шешімдер қабылданады. 1927 жылдың ақпан
айында Гейдельберг (Германия) қаласында өткен кезекті мәжілісте
М. Шоқай Кеңес өкіметінің Түркістандағы
ұлт саясатына арналған баяндама жасайды. ТҰБ-нің сол жылдың
наурыз айында Ыстамбұлда өткен конгресінде М.Шоқайдың
Еуропадағы өкілдігі бекітіледі. Жиынға А.-З. Валиди,
Осман Қожаев, Бұхара Халық Республикасының бұрынғы
қаржы министрі Насыр Махдум, Мустафа Шахкули, Абдулкадыр Инан
қатысады. “Йени Түркістан” журналын Абдулкадыр Инанның
басқаруымен шығару жоспарланады. Ол басылым А.-З. Валиди
мен А. Инанның редакторлығымен 1927 жылдың маусымынан
бастап жарық көре бастады. ТҰБ-нің баспа органы
ретінде М. Шоқайдың басшылығымен 1929 жылдың
ақпанынан Берлинде “Яш Түркістан” журналы шығарылады. ТҰБ-нің жұмысын жолға
қою, эмиграциядағы азаттық қозғалысы
жетекшілерінің бір мақсат жолында бастарын біріктіру оңайға
түспеді. “Түркістан Ұлттық комитеті”, “Түркістан
Ұлттық одағы”, “Орта Азия комитеті” деген бұрын
жеке-жеке құрылған ұйымдардың ТҰБ
атынан емес, өз алдына дербес әрекет етуге тырысушылығы
орын алады. Ұйым басшыларының араларындағы пендешілікке
негізделген түсінбеушіліктер, кеңес барлау органдарының
іріткілік әрекеттері де ұйымға теріс ықпалын
тигізеді. Әсіресе, А Валидидің М. Шоқайды орынсыз
кінәлауы, қазақ қайраткерінің орыс эмигранттарының
баспасөздерімен шығармашылық қарым-қатынаста
болуын ұйым мақсатына кереғар келеді деп пайымдауы
үлкен алаңдаушылық туғызады. Осы себепті 1927
жылы М. Шоқай “Түркістан Ұлттық Бірлігі” ұйымының
Орталық Комитеті құрамынан шығып кетеді. Ол бұл қадамға бару себебін грузин қайраткері С. Г. Мдиваниға
жазған хатында (1928, 2 маусым) “орыс эмигранттарының баспасөзімен
ынтымақтастығы” деген жалаң айып тағылуға
байланысты деп түсіндіреді.М.Шоқай мен А.Валиди араларындағы
кикілжіңнің бір қыры “Йени Түркістан” журналының
идеялық бағытына нұқсан келтіретін кейбір материалдардың
жарық көруінен туындады. Оның бір мысалы журналдың
бірінші санында: “Халық сенімі бойынша, Түркістанды жаулап
алғанда орыстарға Алла көмектескен, олардың
әскерлерінің құрамында Қызыр Ілиястың
өзі болған” деген мақаланың басылуы еді. Мұны
М. Шоқай Түркістанның тәуелсіздігі үшін
күресте бұл басылымның идеялық ұстанымының
солқылдақтығын білдіреді деп есептейді. Қазақ қайраткері
1928 жылы желтоқсанда поляк барлауының майоры В.Дабровскийге
жазған хатында 1927 жылдан кейін орыс газеттеріне мақала
беруін тоқтатқанын, яғни өз ұстанымының
анықтығын айтады. Бірақ Мұстафаның өзінің
пайымдауынша мәселе кімнің қай басылыммен қатынасында
емес, жарияланған мақалаларының мән-мағынасында,
эмиграциядағы қайраткерлердің Түркістан халықтарының
азаттығы үшін күрес тактикасын дұрыс анықтауында,
бұрынғы монархиялық күштер мен отаршылдықтың
одақтастары жөнінде қандай бағыт ұстау
керектігінде еді. А.Валиди мен М.Шоқай араларындағы
түсінбестіктің астарында олардың бұрынғы
Бұхара әмірі Саид Мір Әлімханға да түрлі
көзқараста болуы бар-ды. Башқұрт қайраткері
“Прометей” журналында М. Шоқай жақтастарының әмірге
қарсы ашықтан-ашық әшкерелеу материалдарын жариялауға
қарсы шықты. Мұстафа болса, тәуелсіздік идеологиясын
бопсалау, бүркемелеумен қалыптастырудың мүмкін
еместігі туралы пікірінен бас тартпады. А.-З. Валидидің “Түркістан
Ұлттық Бірлігінен” шығып, өз алдына башқұрт
ұйымын құруы мұғыжарлар арасында қолдау
таба қоймады. Түркістандықтар мен башқұрттар
арасында текетіреске әкелуі мүмкін мұндай әрекеттің
зияндылығы жөнінде М.Шоқай 1929 жылдың 14 маусымда
Т.Дабровскийге жазған хатында үлкен алаңдаушылық
білдіреді. А.-З. Валиди өзінің бұл
ісін ТҰБ-нің федеративтік сипатымен, оны құрған
өзбектер, қазақтар және башқұрттар
екендігімен түсіндіргісі келеді. 1929 жылы осы жікшілдік әрекеті
үшін және М. Шоқайды негізсіз кінәлауына байланысты
А.-З. Валиди ТҰБ-не мүшеліктен де, оның Орталық
Комитеті құрамынан да шығарылады. М. Шоқайдың
ТҰБ-нің Орталық Комитетіне мүшелігі қалпына
келтіріледі. Орталық Комитеттің төрағалығына
Осман Қожаев сайланады. Оның басқаруындағы
ТҰБ-нің мардымды жұмысы 1933 жылы 12 қараша
күні Қашғарда тәуелсіз Шығыс Түркістан
Республикасымен қатынас орнатуы болды. Түркі халықтарының
бір бөлігінің жеңісін ТҰБ
мүшелері үлкен қуанышпен қарсы алады. Шығыс Түркістан Республикасындағы
оқиғалардан хабардар болып тұру үшін 1933 жылы
ТҰБ-нің бас хатшысы Междеддин Делил Қашғарға
аттанады. Ол Ыстамбұлға Үндістан арқылы 1938
жылы ғана оралады. ТҰБ-нің соңғы конгресі
1939 жылы 24 наурыз – 2 сәуір аралығында Берлинде өтеді.
Конгреске М. Шоқай, Тахир Шағатай, Междеддин Делил, Шакир
Ибрахимоглы, Абдулахап Оқтай қатысады. Түркия үкіметінің
шешімі бойынша қоныс аударуға мәжбүр болып,
Варшавада тұрып жатқан О. Қожаев ұйым мүшелігінен
шығарылып, оның төрағалығынан босатылады.
Ұйымды басқаратын орталық құрамына М.
Шоқай (төраға), М.Делил, Тахир Шағатай сайланады.
Конгрестің шешімі бойынша ТҰБ орталығының
Ыстамбұлдан Еуропа қалаларының біріне көшірілуі
ұйғарылды. Алайда А.-З. Валиди ТҰБ басшылығынан
босатылған кезден бастап іс жүзінде ұйымды М. Шоқай
басқарғанға ұқсайды. А.-З. Валиди мен
М. Шоқайдың хаттарын түрлі мұрағат материалдарымен
салыстыра зерттеп, “Ресей эмиграциясының тарихынан” деген жинаққа
жазылған кіріспе авторы В. П. Булдаков осындай түйінге келеді.
Ол, тіпті, бұл билікті “ешкіммен бөліспеді” деп көрсетеді.
ТҰБ Орталық Комитетінің төрағалығына
О. Қожаевтың сайлануы жөнінде жазып отырған
А. Қараның өзі де 1928 (1929 жылы болуы керек) жылдан
бастап бұл ұйым “М.Шоқайдың рухани жетекшілігімен
жұмыс істегенін” мойындайды. Екінші дүниежүзілік соғыстың басталуы мен фашистік Германия басшыларының М. Шоқайды өз мақсат-мүдделеріне жұмыс істеуге көндіруге әрекеттенуіне, осы себепті қазақ қайраткерінің түркістандық істерінен қол үзуіне байланысты ТҰБ бірте-бірте жұмысын тоқтатуға мәжбүр болады. Қазақ қайраткерінің жұмбақ өлімінен кейін ұйым қажыр-қайрат пен ақыл-ойдың қайнар көзіндей қайталанбас тұлғадан айрылды. Алайда ұзақ жылдар бойы Түркістан халықтарының бірлігі мен тәуелсіздігі жолындағы күресі тарихында өз орны бар “Түркістан Ұлттық Бірлігі” де, оның рухани көсемі бола білген М.Шоқай да ұрпақтар жадында ұмытылмайды |
||
|
||